Қазақстанда үй жануарларына ең жиі қойылатын аттардың рейтингі жасалды

Қазақстанда үй жануарларына ең жиі қойылатын аттардың рейтингі жасалды

Қазақстанда үй жануарларын есепке алудың TABAN бірыңғай ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Ол бір дерекқорда үй жануары мен оның иесі туралы негізгі мәліметтерді, сондай-ақ вакцинация, стерилизация және басқа да ветеринариялық рәсімдер туралы ақпаратты біріктіруге мүмкіндік береді.

Жануарды жүйеде тіркеген кезде электрондық паспорт қалыптастырылады. Онда жануардың аты, тұқымы, жынысы, туған күні, сәйкестендіру нөмірі және иесі туралы мәліметтер көрсетіледі. Кейін цифрлық профильде жүргізілген ветеринариялық рәсімдер туралы ақпарат та қамтылады. Мұндай есеп жануарды жедел сәйкестендіруге және ол туралы қажетті мәліметтерді алуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда үй жануарларын есепке алу ақпараттық жүйелерінде 400 мыңға жуық үй жануары тіркелген. Олардың басым көпшілігі – иттер мен мысықтар: жүйеде 291 761 ит және 107 414 мысық бар.

Сонымен қатар тізілім деректері қазақстандық үй жануарларына ең жиі қойылатын аттардың өзіндік рейтингін көруге мүмкіндік береді. Иттер арасында бірінші орында Ақтөс тұр – бұл атты 8 863 ит иеленген. Одан кейін Шарик – 6 027, Рекс – 5 409, Тузик – 4 243 және Лайка – 4 137. Ең танымал он аттың қатарына Арлан – 3 012, Мойнақ – 2 382, Алапар – 2 056, Барсик – 2 004 және Барбос – 1 963 та кіреді.

Мысықтар арасында ең көп таралған ат – Мурка. Бұл ат 2 236 мысыққа қойылған. Екінші орында Муся – 1 529, үшінші орында Барсик – 1 491. Одан кейін Мурзик (842), Соня (833), Рыжик (721), Симба (698), Алиса (657), сондай-ақ Вася мен Кузя (әрқайсысы 604) келеді.

Алайда үй жануарларын есепке алу ақпараттық жүйелері тек мысықтар мен иттерді есепке алумен шектелмейді. Жүйеде сирек кездесетін үй жануарлары да тіркелген. Цифрлық тізілімде сегіз қоян мен төрт күзен, сондай-ақ бір-бірден тасбақа, сәндік егеуқұйрық, ергежейлі шошқа, атжалман және капибара бар.

Олардың кейбірінің аттары да ерекше. Мысалы, жүйеде Айша есімді тасбақа, Томпи атты атжалман, Библик атты ергежейлі шошқа, Финик атты сәндік егеуқұйрық және Борис атты капибара тіркелген. Қояндар арасында Кембридж, Оксфорд, Рафинад және Снежинка, ал күзендер арасында Пирожок, Умка, Кипиш және Жижа деген аттар кездеседі.

Жүйеде үй жануарларының басқа түрлеріне, соның ішінде теңіз шошқаларына, шиншиллаларға, қояндарға, маймылдар мен кірпілерге арналған санаттар да қарастырылған. Әзірге бұл түрлердің өкілдері дерекқорда тіркелмеген, алайда оларды есепке алу мүмкіндігі алдын ала көзделген.

Бірыңғай цифрлық есеп үй жануарлары туралы мәліметтерді жүйелеуге, нақты жануар туралы деректерді жедел анықтауға және оның денсаулығы мен ветеринариялық рәсімдері туралы ақпаратты өзекті күйде ұстауға мүмкіндік береді.