Бүгін Целиноград ауданында жастардың «Жасыл ел – 2026» еңбек маусымының салтанатты жабылу рәсімі өтті.
Аудан әкімі Дарын Сабырғали жастармен кездесіп, еңбек маусымының қорытындысын шығарды. Жаз бойы туған өлкенің көркеюіне өз үлестерін қосқан «Жасыл ел» сарбаздарына алғысын білдіріп, белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтар табыстады.
Биылғы еңбек маусымы жастар үшін тек уақытша жұмыспен қамтылу кезеңі емес, жауапкершілік пен еңбекқорлықты, тәртіп пен командалық рухты қалыптастыратын маңызды мектеп болды. Жас сарбаздар аудан аумағын абаттандыруға, көгалдандыруға, қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға және экологиялық бастамаларға белсенді қатысты.
Іс-шара барысында «Жасыл ел» бағдарламасының қатысушысы Зейнуллова Аэлин сөз сөйлеп, жастар үшін бұл жобаның маңыздылығына тоқталып, еңбек маусымы кезінде алған әсері мен тәжірибесімен бөлісті.
Сондай-ақ шараға қатысқан «Жасыл ел» Республикалық штабының төрағасы Нұрасыл Бекматов жастарға ізгі тілегін білдіріп, белсенді қатысушыларды атап өтіп, өз марапаттарын табыстады.
«Жасыл ел» — бұл еңбекпен шыңдалатын, достықпен нығайтылатын, елге қызмет етудің алғашқы қадамына айналатын үлкен мектеп.
Бүгінгі жас — ертеңгі ел тірегі. Сондықтан жастардың еңбегін қолдау, олардың бастамаларына жол ашу және туған жерге деген жауапкершілігін арттыру — баршамыздың ортақ міндетіміз. Еңбекпен көркейген жер — елдің ортақ мақтанышы! Жасыл ел – жасыл болашақ!