Кеген ауданында әлеуметтік-экономикалық жобалардың іске асырылу барысы қаралды

Кеген ауданында әлеуметтік-экономикалық жобалардың іске асырылу барысы қаралды

27 тамыз күні Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің жұмыс сапары аясында Алматы облыстық мәслихат төрағасының міндетін атқарушысы Болатжан Саймасайұлы Нұрбеков Кеген ауданына барып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобалардың барысымен танысты.
Жұмыс сапары барысында Жалағаш ауылдық округінің Қопалы учаскесіндегі жайылымдарды сумен қамтамасыз етуге бағытталған 12 құдықты қайта жаңғырту жұмыстары қаралды. Жоба аясында 3 800 гектар жайылымды суландыру көзделген.
Сондай-ақ Алғабас ауылындағы «Ауыл құтқарушылары» өрт сөндіру бекетінің жұмысы таныстырылып, елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайларға жедел ден қою мәселелері талқыланды.
Бұдан бөлек, инвестициялық жобалар аясында салынып жатқан шағын су электр станцияларының құрылыс барысы қаралды. «Kegen Hudro» жобасының құны 7,2 млрд теңгені құрап, қуаттылығы 4,5 МВт болса, «ОсирисЭнерго» жобасының құны 11,23 млрд теңге, қуаттылығы 10,01 МВт-ты құрайды.
Сапар барысында Алғабас ауылындағы 50 орындық бастауыш мектептің құрылыс жұмыстары да назарға алынды. Білім беру нысанында 5 оқу кабинеті, спорт және акт залдары, кітапхана, медициналық пункт, асхана және ойын бөлмесі қарастырылған.
Сонымен қатар әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға арналған тұрғын үйлердің құрылысымен танысып, аудан тұрғындарын жеке қабылдау өткізілді.
Жұмыс сапары Кеген ауданының тұрғындарымен өткен есептік кездесумен қорытындыланды. Кездесу барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндалып, тұрғындардың ұсыныстары мен сауалдары тыңдалып, оларға тиісті жауаптар берілді.