Жаңа оқу жылы қарсаңында Қызылорда облысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Осы бағытта Қоғамдық полиция басқармасының қызметкерлері белсенді блогер Ерсұлтан Байжановпен бірлесіп, білім беру ұйымдарына жақын аумақтарды аралап, қауіпсіздік талаптарының сақталуына назар аударды.
Іс-шара барысында жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты бірқатар нысандар тексерілді. Атап айтқанда:
🔹 жол белгілері мен жол таңбаларының жағдайы;
🔹 жаяу жүргіншілер өткелдерінің жай-күйі;
🔹 бағдаршамдардың жұмысы;
🔹 жасанды жол кедергілерінің жағдайы қаралды.
Қазіргі таңда Қызылорда облысында 999 білім беру ұйымы бар. Жаңа оқу жылы қарсаңында жүргізілген жұмыстар барысында анықталған кемшіліктерді жою бойынша жергілікті атқарушы органдарға тиісті ұсыныстар мен нұсқамалар жолданды.
Полиция қызметкерлері оқу жылы басталған кезде балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударып, білім беру ұйымдарына жақын аумақтарда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша профилактикалық жұмыстарды жалғастырады.
📍АТА-АНАЛАРҒА ЕСКЕРТУ!
Баланың қауіпсіздігі — баршамызға ортақ жауапкершілік. Ата-аналарға балаларға жол қозғалысы ережелерін күнделікті түсіндіріп, жолдан өту кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңыздылығын ескерту қажет.
Сонымен қатар балалардың кешкі уақытта қараусыз жүруіне жол бермей, олардың қайда және кіммен жүргенін бақылауда ұстаған жөн. Балаларға өрт қауіпсіздігі талаптарын, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасау тәртібін түсіндірумен қатар, интернет кеңістігіндегі қауіптерден сақтану жолдарын да үйрету маңызды.