Аудан әкімі Асланбек Шүйіншәлиев жұмыс сапары барысында Бестамақ ауылдық округіне қарасты Бескоспа ауылына барып, ауылішілік жол құрылысының барысымен танысты.
Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 2 шақырым 600 метрді құрайтын жол құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жобаны жүзеге асырушы мердігер мекеме – «ТАФ компани» ЖШС.
Ауылішілік жолдарды салу – елді мекеннің инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі. Жаңа жолдардың салынуы тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасап, ауылішілік көлік қатынасының жақсаруына мүмкіндік береді.
Бүгінде нысанда негізгі жол-құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта жол жиектерін абаттандыру, жол белгілерін орнату, жолақтарды сызу, сондай-ақ жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасанды жол кедергілерін орнату жоспарланған.
Жұмыстардың барысымен танысқан аудан әкімі құрылыс сапасына ерекше назар аударды. Ол қолданылатын құрылыс материалдарының сапасын, технологиялық талаптардың сақталуын және атқарылатын жұмыстардың белгіленген стандарттарға сай болуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Аудан әкімі жауапты мамандар мен мердігер мекемеге қалған жұмыстарды сапалы әрі талапқа сай жүргізіп, құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Аталған жоба жүзеге асқаннан кейін Бескоспа ауылының жол инфрақұрылымы жақсарып, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы жүріп-тұруына жағдай жасалады.