Нұра ауданының аумақтық қорғаныс бригадасының бөлімшелерімен тактикалық-арнайы оқу-жаттығулар

Нұра ауданының аумақтық қорғаныс бригадасының бөлімшелерімен тактикалық-арнайы оқу-жаттығулар

Нұра кентіндегі Болат Әбдікәрімов атындағы көпсалалы колледж базасында аумақтық қорғаныс күштерінің тактикалық-арнайы оқу-жаттығу жиынының 2026 жылғы 08 шілдеде салтанатты ашылуы өтті.

8–17 шілде аралығында өтетін оқу-жаттығуға ауданның 100-ден аса әскери міндеттісі қатысуда. Арнайы жиынның негізгі мақсаты – әскери міндетті азаматтардың жауынгерлік даярлығын жетілдіру, жұмылдыру дайындығын нығайту және төтенше жағдайлар кезінде бірлескен іс-қимыл дағдыларын қалыптастыру.

Жиынның алғашқы күнінде қатысушылар арнайы әскери киім-кешекпен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, оқу-жаттығудың тәртібі мен бағдарламасымен танысты. Алдағы он күн бойы олар саптық дайындық, тактикалық іс-қимылдар, атыс даярлығы және әскери машықтарды жетілдіруге бағытталған теориялық әрі тәжірибелік сабақтарға қатысады.

Оқу-жаттығуын Қарағанды облысынан келген тәжірибелі әскери қызметшілер жүргізуде. Бағдарлама аясында әскери міндеттілердің кәсіби дайындығын арттырумен қатар, жұмылдыру кезеңіндегі міндеттерді орындау, төтенше жағдайлар кезінде жедел әрі үйлесімді әрекет ету дағдылары пысықталады.

Мұндай арнайы жиындар әскери міндетті азаматтардың дайындық деңгейін арттыруға, олардың Отан алдындағы жауапкершілігін күшейтуге және аумақтық қорғаныс жүйесінің тиімділігін нығайтуға бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі болып табылады.

Сілтеме: https://www.instagram.com/reel/Daifg_aN2lC/?utm_source=ig_web_copy_link&igsi=MzRlODBiNWFlZA==

Нұра кентінде аумақтық қорғаныс күштерінің 10 күндік арнайы оқу-жаттығуы аясында кешенді тактикалық оқу-жаттығу ұйымдастырылды. Практикалық кезеңде әскери міндетті азаматтар халықты ауыз сумен қамтамасыз ететін стратегиялық маңызы бар сорғы стансасын қорғау бойынша жауынгерлік тапсырмаларды орындады.

Оқу-жаттығу барысында шартты диверсиялық топ стратегиялық нысанға заңсыз еніп, ауыз су жүйесіне зиян келтіруге әрекет жасады. Әскери міндетті азаматтар жедел әрекет етіп, блок-бекеттерде күзет ұйымдастырып, нысан аумағын толық бақылауға алды. Нәтижесінде шартты қарсыластың әрекетіне дер кезінде тосқауыл қойылып, диверсиялық топ залалсыздандырылып, стратегиялық нысанның қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар, оқу-жаттығу барысында алғашқы медициналық көмек көрсету, ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы қорғаныс тәсілдері, инженерлік дайындық, байланыс құралдарын тиімді пайдалану және мобильді топтар мен блок-бекеттердің өзара іс-қимылы жан-жақты пысықталды. Әрбір бөлімше өзіне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен орындап, жоғары деңгейдегі үйлесімділікті көрсетті.

Сілтеме: https://www.instagram.com/reel/Da5l-rEA39X/?utm_source=ig_web_copy_link&igsi=MzRlODBiNWFlZA==