Қазақстан Елшісі ВМВ Holding-пен кездесті

Қазақстан Елшісі ВМВ Holding-пен кездесті

2026 жылғы 25 тамызда Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ералы Тоғжановтың «BMB HOLDING» Құрылтайшылар кеңесінің Төрағасы Бекзод Маматкуловпен кездесуі өтті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын, сондай-ақ «BMB HOLDING» қатысуымен бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша компания Қазақстанға шамамен 40 млн. АҚШ доллары көлемінде ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттағаны атап өтілді.

Агроөнеркәсіптік кешендегі кооперацияны дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге, өзара жеткізілімдер көлемін ұлғайтуға және қазақстандық компаниялармен тікелей іскерлік байланыстар орнатуға ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар, «BMB HOLDING» компаниясының Қазақстан аумағында инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысу перспективалары жеке қарастырылды. Қазақстан тарапы еліміздің мүдделі мемлекеттік органдарымен, ұйымдарымен және іскер топтарының өкілдерімен байланыс орнатуға қажетті жәрдем көрсетуге дайын екенін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар практикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін растады және ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу мен қайта өңдеу мәселелері бойынша келіссөздер жүргізу, сондай-ақ бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру перспективаларын талқылау мақсатында «BMB HOLDING» өкілдерінің Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарына сапарын ұйымдастыру туралы уағдаласты.